Слайд 2
Жобаның мақсаты: ақынның ағартушылық бағыттағы шығармаларының поэтикасын басқа шығармаларынан бөліп алып, заман талабына сай жаңаша зерделеу, ақынның ағартушылық қырын дәріптеу. Жобаның міндеттері: Қажетті әдебиеттерді оқу ; Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірбаянымен танысу; Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ағартушылық бағыттағы туындыларын іріктеп алу; Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ағартушылық бағыттағы туындыларын оқып, талдау жасау; Жиналған мәліметтерді жүйелеу, қорыту, қорытынды жасау.
Слайд 3
Өзектілігі : Қазақ әдебиетіне қомақты үлес қосқан Мәшһүр Жүсіптің шығармалары жанрлық тұрғыдан жіктеліп, зерттелініп, бірсыпыра ғылыми жұмыстар жазылса да ағартушылық бағыттағы туындыларын жеке қарастырудың өзектілігі жойылмады. Бұл бағыттағы шығармалары діни тақырыптағы, үгіт насихат тақырыбындағы, әлеуметтік сарындағы өлеңдермен бірге қарастырылып келді. Ақынның ағартушылық бағыттағы еңбектерінің әдебиетте өзіндік маңызы бар екенін байқауға болады.
Слайд 4
Жаңашылдығы: Мәшһүр Жүсіп әдебиет жанрының барлық саласында қалам тербеген ақын. Өлеңдерден бастау алып, салмағы ауыр эпикалық туындыларға да назар аударған ол соңынан ірі-ірі дастандар қалдырды. Соңынан жиырма томдық мұра қалдырған ғұламаның еңбектері мұнымен шектелмей, прозаға да ұласады. Мәшһүр Жүсіптің мерзімді баспасөз беттерінде жарық көріп тұрған мақалалары мен хаттарының яғни публицистикалық еңбектерінің өзі бір төбе. Ақынның шығармашылығы жөнінде бірнеше ғылыми жұмыстар жазылса да, әлі толық зерттелінді дей алмаймыз. Себебі қалдырған мұрасының қамтитын тақырып аумағы өте кең, жанрлық сипаты күрделі, көркемдік ерекшеліктерге бай, шығыс түркі әдебиетімен терең үндестігі, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаудағы қызметі, шығармаларының негізгі идеясы, шығармашылығының зерттелінуі көп жылдық тынымсыз еңбекті талап етеді. Осынау мол мұра иесінің бүгінгі ғылыми жұмысымызға арқау болған туындылары үлкен еңбектің бір тамшысы іспеттес. Жобаның практикалық маңыздылығы – «Мәшһүртану» курстарында, ХХ ғасыр басындағы әдебиет, өлкетану сабағында және жалпы әдебиет теориясы пәнінде де қолдануға болады.
Слайд 5
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларындағы тың ойлар Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз өлеңдерінде әлеуметтің хал-жайын, қоғамның өзгерісін, дін мен тілді, адамшылық пен имандылықты, тарих пен аңызды: сапар, ишарат, сын, айтыс нақыштарында т.б. бере отырып, шынайы, тиянақты ой-байламдар жасайды. Жиырма томдықтың алғашқы төрт томы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының адамгершілікті, гуманизмді, ар-намысты ту етіп көтерген, ағартушылық идеясын жарнамалаған, оқу оқып, білім алу, жан-жақты өнерлі болу, адам жанын тазартып, биік мұраттарға жетеді деп насихаттаған т.б. өз туындыларынан тұрады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазақ қоғамында болып жатқан ірі қоғамдық-саяси өзгерістерге өз үнін қосып отырды. Сондай-ақ қарапайым халықты дін түзеуге шақырып, оларды да өз шығармаларына арқау ете білді. Оның барша саналы ғұмыры отаршылдық қысымдағы туған халқының мұң-зарын, қайғы-қасіретін т.б. жырлау болатын.
Слайд 6
Ұлы ақын Абайдың дәстүрін жалғастырушы ізбасарлары Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Міржақып, Мағжандар сахнаға шықты. Бұл ірі тұлғалардың басын біріктірген алып күш біреу ғана болды. Ол – ұйқыда жатқан қалың елді ояту. Қай қаламгердің шығармасын алсаңыз да бәрінде ортақ тақырып ретінде ұлт қамы тұрды. Олар өз ұлтының басқа мәдениеті дамыған елдер қатарында болғанын қалап, өз шама-шарқынша осы ойларын туындыларында жеткізуге тырысты. Мәшһүр Жүсіп – діни ағартушы ақын
Слайд 7
ХХ ғасыр басындағы әдебиетке тән ерекшелік ретінде азаттыққа, бостандыққа ұмтылу, халықты «ояту» болғанын айта аламыз. Осы жолда бірі ұлт болып бірігіп, азаттыққа, бостандыққа ұмтылайық деп күрессе, екіншісі оқу-ағарту бағытында көп еңбек сіңірді. ХХ ғасыр басындағы әдебиетті зерттеушілер оқу-ағарту бағытындағы қаламгерлерді ағартушы-демократтар және діниағартушылар деп қарастырды. Яғни оқу-ағарту мәселесі ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің басты тақырыптарының бірі болды. Қоғамда орын алып жатқан жағдайларды діни ағымдағы оймен байланыстырып жазды. Бұл бағыттағы қаламгерлер діни сауатты болды, шығыс әдебиетімен сусындап өсті. Араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгерді, діни тақырыптағы шығармаларға қанық, көзі ашық, оқыған азаматтар болды.
Слайд 8
Бұқара мен Ташкентте оқып, білім алған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мақалаларын дінді ағартушылық, тәрбиелік мәнінде таза мақсатқа жұмсай білген ғұлама пікірі десе де болады. Қазақ елінің біраз мәселелеріне арналған мақалаларында мал жиып, бай болуды ойлама, ғылым іздеп бай бол деген насихат айтады. «Мал жұмсасаң - азаяды, ғылым жұмсасаң - көбейеді. Малы көп кісінің қияметте сұралуы, тергелуі көп болады. Ғылым өз иесін көп таршылықтан құтқарады ».
Слайд 9
Ағартушылық бағытта жазылған туындыларына мына шығармаларын жатқыза аламыз: «Қара өлең», «Адам екі түрлі», «Жалқаулар туралы айтқаны», «Жеткізер құдай, пенде қылса талап», «Кедей болады кері кеткен, ұйқысы мол». Публицистикасының тақырыптары да әртүрлі: оқу-ағарту, әлеуметтік мәселелер, қоғамдық жағдай т.б. Осы қатарға «Ғылым-білім» еңбегін жатқызамыз. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ағартушылық бағыттағы өлеңдерінің поэтикасы «Қара өлең» өлеңінде: Жатқандай тәтті ұйқыда қазақ халқы, Айырылмай жақсы менен жаман парқы. Баласы дін мұсылман, ояныңдар, Көрінер өз пайдасы, жұрттың нарқы! Профессор Қуандық Пазылұлы ғылыми еңбегінде Мәшһүр Жүсіп пен Абайдың шығармашылығын салыстыра зерттеп, «ұйқы», «ұйықтау» сөздерін пайдалану ерекшеліктерін атап өтеді. Екі ақынның да сөз зергері екенін, балама қолданудағы үндестіктері деп атап өтеді. Абайда да осы қолданыстар бар. Бұл мысалда «ұйықтау» бүкіл халықтың қараңғылығын, көнбістігін білдіріп тұр. Ал «ояныңдар» сөз қолданысы арқылы «ұйықтауға» қарама қарсы қолданып, халықтың ойын өзгертуге, көзін ашуға, білімге шақыруға тырысады.
Слайд 10
Бәрі де бірауызды болып жатыр, Оянып бізден басқа халықтың бәрі. ...Оянып бір басыңды көтерсейші, Шырадай бір ашылсын көзім жанып - деген өлең жолдары да бар. Қарап отырсақ, басқа халықтың бәрі оянды дегенде олардың сана сезімі, білімі жоғары екенін байқатады. Екінші жолдарда ұйқыдан оянып, күрес жолына түскендерін қалайды. Көріп отырғанымыздай бір оқығаннан үгіт, насихат сарынында көрінгенімен, астарында халықты оқуға, білімге, өнерге шақырғанын байқаймыз. Осы қолданыстарды жақсы менен жаманның парқын ажырата білу өрнектерімен қатар алып ұлттық нақышпен байланыстырады. Сөзді ауыспалы мағынада қолдану, ұлттық нақышпен әдемі үйлестіру, өзіндік сөз қолданыстарын ұтымды айтумен халықты «ояту» ақынның ағартушылық мақсатын танытады.
Слайд 11
Өнерге, ғылым-білім, болсаң жерік, Берілер ақыр бір күн басыңа ерік. Көп жұртты көз жасыңа қылсаң куә, Табылар мұңлы-зарлы саған серік. Бұл өлеңінде жұртты еңбек етіп, бостандыққа ұмтылуға ғана шақырып қоймай, осы тығырықтан шығатын бірден бір жол оқу, білімде деген қағидасын ашып айтады. Алғашқы екі жолдағы сөз қолданыстарын қазіргі заманда да өмірлік ұстаным ретінде алып қарауға болады. Өлеңнің дүниеге келгенінен бір ғасырдай уақыт өтсе де әлі күнге шейін өзінің маңыздылығын, өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі техниканың, ғаламтордың заманында бұл өлең жолдарын халықты, әсіресе жастарды оқуға, білімге, ғылымға шақырудың ұраны ретінде қолдансақ артық етпес. Өміршең дүниелер ешқашан өшпейді. Бірнеше ғасыр бұрын өзекті болды, қазір де өзекті және болашақта да бұл сөз қолданыстарының өзекті боларына күмәніміз жоқ.
Слайд 12
Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармашылығын зерттеген ғалымдардың бірі Бейсембай Кенжебаев «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» еңбегінде ақынды ағартушы демократ бағыттағы жазушылардың бірі ретінде қарастырады. 1907 жылы жарық көрген үш кітабына да жеке-жеке тоқталып, Мәшһүр Жүсіп шығармаларының басты тақырыптары ретінде әлеуметтік келеңсіздіктерді, би болыстарды сынау, халықты ояту, өнер білімге, мәдениеті жоғары ел болуға, ғылымға шақыруын жоғары бағалайды.
Слайд 13
Балалар, жалқау болмай оқы сабақ, Ашылмас оқымасаң көз бен қабақ. Айрылса оқу оқып, білгенінен, Біз оны деп айтамыз, «Арамтамақ!» – деп жастарды ерінбей еңбек етуге, оқу, білімге құштар болып сауаттарын ашуға, сол арқылы алға ұмтылуды үгіттейді.
Слайд 14
Қорытынды « Әркім өз жанын тірілтуді керек қылса, ғұмырын ғылым-білімге сарп қылсын. Ғылым-білімге ғұмырын сарп қылмаған пенденің жаны өлік сияқты. Өзі өліп жатқан өлікті кім керек қылады» деумен адамзатқа өлмес сөз, өшпес өнеге айтқан зерделі ақынның өзі де өмір бойы ғылым-білімге ұмтылып, өмірі ізденіспен өткен екен. Не табылса да ғылым білімнен табылады деп, қараңғылық түнегінен жол таба алмай дағдарысқа түскен жұртына өлеңмен үндеу тастап, ғылым-білім арқылы халқын оянуға шақырады, азаттықты насихаттайды. Мәшһүр Жүсіп – діни ағартушы ақын. Бұл ерекшелікті біз ақынның кез келген туындысының желісінен таба аламыз. Ол өзінің діни танымдық ойларын шығармашылығында орын алған басқа тақырыптардың негізімен ұштастырып, байланыстыра білген. Шығармашылығының негізгі тақырыптық желісі халық, ел жұрт. Осыдан келіп басқа тақырыптары шығады. Нені жырласа да, нені айтса да шығармасының өзегінде халық тұрды. Діни-ағартушылық бағыттағы шығармаларына тән белгілері – оның діни дүниетанымы, түсінігі бүкіл шығармашылығының өн бойынан айқын көрініс беруі.